Жалпыға бірдей декларациялау туралы не білу керек? » КГУ "Общеобразовательная школа №149" Управления образования города Алматы
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 297-62-25
Есепші бөлімі:
+7(727) 245-47-45
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Жалпыға бірдей декларациялау туралы не білу керек?
06
наурыз
2024

Жалпыға бірдей декларациялау туралы не білу керек?

Декларациялау дегеніміз не?
Қазақстанда жалпыға бірдей декларацияның екі түрі бар. Алғашқысы – 250.00 нұсқасы. Мұны бір рет қана тапсырады. Одан кейінгі жылдары 270.00 нұсқасын тапсыруы керек. Мұны "Азаматтың мүлкі мен табысы" туралы декларация деп атайды. 
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева Салық заңнамасына сәйкес декларацияның 4 кезеңге бөлінгенін атап өтті. Алғашқы кезеңде, яғни 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтар және олардың жұбайлары декларация тапсырған. 
"Екінші кезең, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекеме қызметкерлері, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт және өзге салаларда, квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтар мен олардың жұбайлары тапсырады. 2024 жылдан декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. Бұл кезде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлік басшылары, олардың жұбайлары тапсыру керек. Ал 2025 жылдан бастап өзге санаттағы азаматтар декларация тапсырады", – деді ол. 
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтардың өзге санаты декларация тапсырады. Олардың қатарында студенттер, зейнеткерлер мен жұмысы жоқ азаматтар, Қазақстан аумағында активтері бар шетелдіктер де декларациялаудан өтеді. Айта кетері, төртінші кезеңде атында мүлкі бар кәмелетке толмаған азаматтар да декларация тапсыруға міндетті. Олар үшін декларацияны заңды өкілдері тапсырады. 
"Мемлекеттік қызметкерлер бұған дейін де жыл сайын декларация тапсырып келген. Сондықтан жалпыға бірдей декларациялауды мемқызметкерлерден бастау туралы шешім қабылданды. Осылайша кезең-кезең бойынша халықты декларация тапсыруға үйрету басты міндет болып отыр", – деп қосты Айнұр Сартаева. 
Жалпыға бірдей декларациялау елдегі көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлықты азайту, бюджетке түсетін салық мөлшерін арттыру және әлеуметтік саясатты жетілдіру мақсатында өткізіліп отыр. 
"Декларация тапсыру арқылы азаматтардың табысы бағаланады, сонымен қатар алдағы уақытта бұл деректер әлеуметтік көмекті тағайындағанда қолданылады", – деп қосты Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі. 
Декларациялаудың реті қандай?
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекеме қызметкерлері атында қандай мүлік тіркелгенін көрсетуі қажет. Дегенмен Қазақстандағы жылжитын немесе жылжымайтын мүліктері жайлы деректі ұсыну міндетті емес. 
"2023 жылы мемлекеттік мекеме қызметкерлері бір реттік 250.00 нысанын, яғни активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырады. Одан кейінгі жыл сайын 270.00 нысанын тапсыруы керек. Бұл "Табысы мен мүлкі туралы декларация" деп аталады. Айта кетері, Қазақстан аумағындағы активтер туралы мәлімет базада сақталған, сондықтан мұны декларациялау кезінде көрсетудің қажеті жоқ. Барлық мәлімет тиісті мемлекеттік органдардан алынады", – деді Айнұр Сартаева.
Декларациялау кезінде қандай құжаттарды ұсынуы керек?
Мемлекеттік мекеме қызметкерлері декларацияны Халыққа қызмет көрсету орталығында, Мемлекеттік кірістер басқармасында немесе онлайн тапсыра алады. 
"Декларацияны электронды үкімет порталыСалық төлеушінің электронды кабинеті арқылы немесе eSalyq мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады. Декларацияны электронды түрде тапсырғанда тек сұрақтарға жауап беру қажет. Егер шетелде мүлкі болса, бұл туралы тиісті ақпараттарды ұсынады. Мүлкі болмаса, "Жоқ" деп жауап беріп, келесі сұраққа өтеді", – деп түсіндірді Айнұр Сартаева. 
Маман декларацияны қағаз түрінде тапсырған жағдайда азаматтарға ХҚКО-на шетелдегі мүлкінің құжаттарын алып баруға кеңес береді. 
"Өйткені шетелдегі мүлкі туралы ақпарат ұсынғанда 250.00 нысанында сол елдегі тіркеу деректерін көрсетеді. Мысалы, пәтердің мекенжай немесе кадастрлық нөмірі сынды ақпараттарды тек мүліктің құжатынан алуға болады. Сонымен қатар жыл сайын тапсыратын 270.00 нысанында мүлікті сатып алу үшін қаржыны қайдан алғанын көрсетуі қажет", – деп толықтырды Айнұр Сартаева. 
Декларацияны тапсыру мерзімі қандай?
Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі декларацияны тапсыру мерзімі арнайы заңнама негізінде бекітілгенін атап өтті. 
"Егер азамат декларацияны жазбаша тапсырғысы келсе, мұны ХҚКО-да 15 шілдеге дейін тапсыруы қажет. Электронды түрде тапсырса, 15 қыркүйекке дейін тапсыра алады", – дейді ол. 
Декларациялау кезінде азаматтар қымбат көлік немесе бағалы қағаздары туралы мәліметті ұсынуы керек пе?
Жалпыға бірдей декларация барысында азаматтар жылжитын және жылжымайтын мүліктен басқа да заттарды көрсете алады.
"Мұндай мүліктің құны 1 000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары болуы керек. Мәселен, шетелдегі антикварлық заттың немесе бағалы қағаздың, зергерлік бұйымның бағасы 1 000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары болса, арнайы бағалаудан кейін декларацияда көрсетеді. Мүлікті бағалау жұмысын лицензия алған барлық бағалаушылар мен бағалау компаниялары жүргізе алады", – деп түсіндірді маман. 
Азаматтар жалпыға бірдей декларациялау кезінде 250.00 нысанын тапсырған соң жыл сайын 270.00 нысанын тапсырып отыруы керек. Егер декларациялаудан кейін азамат бір жыл ішінде шетелде мүлік сатып алса, келесі жылы оны қандай қаржыға сатып алғанын көрсетуге міндеттеледі. Айта кетері, мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген азаматтардан басқа адамдар бір жыл көлемінде жалақыдан басқа табыс алмаса және мүлік сату-сатып алу операцияларын жүргізбесе, жыл сайынғы 270.00 нысанды тапсырмаса болады. 
Декларацияны уақытылы ұсынбаса немесе активтерін жасырса, қандай жаза қарастырылған?
Декларацияны уақытылы тапсырмаған азаматтар үшін арнайы жаза қарастырылған. Егер жоғарыда аталған мерзім ішінде табысы мен мүлкі жайлы мәлімет ұсынбаса, алдымен ескерту жасалады. 
"Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске сәйкес азамат ескерту алады және бір жыл ішінде қайтадан осындай бұзушылыққа жол берсе, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады", – дейді Айнұр Сартаева. 
Декларациялау кезінде табысы немесе активтерін жасырып қалған азаматтар үшін де жаза қарастырылған. Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің айтуынша, мүлкі туралы ақпаратты толық ұсынбаса немесе әдейі жасырып қалса, міндетті салықтың 200%-дық мөлшері көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде тағы қайталанса, айыппұл мөлшері міндетті салықтың 300% мөлшеріне тең болады. 

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: