Қабылдау бөлімі :
+7(727) 297-62-25
Есепші бөлімі:
+7(727) 245-47-45
eOtinish.kz
Нашар көрушілер
нұсқасы
09
қазан
2023

АЛТЫ АЛАШТЫҢ БАЛАСЫ БАС ҚОССА, ТӨР – МҰҒАЛІМДІКІ

  Алаштың ақиық ақыны Мағжан ұстазға осылай баға беріпті.
Білім мен тәрбие құсқа қос қанат қалай керек болса, адамға да солай керек.
Оны беретін кім? Әрине, ұстаз. Мұғалім. Ал, нағыз мұғалім болу үшін ерен еңбек, маңдай тер керек. 18 жылдан аса саналы ғұмырын  ұстаздық жолға арнаған, Алматы қаласы №149 ЖББ орта мектептің информатика  пәнінің  мұғалімі, мектеп директорының оқу  ісі  жөніндегі орынбасары, педагог-зерттеуші  Жақсыбекова Нұрзия Таңатарқызы.
  Алғашқы еңбек жолын Жамбыл  облысы  Қордай  ауданындағы №26 орта  мектепте информатика  пәні мұғалімі  болып бастаған. 2007  жылдан бері 
№149 ЖББ мектепте қызмет етіп келеді.
   Осы жылдар ішінде білікті ұстаздың жас ұрпақты оқытып, білім беру мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі шығармашылық еңбектері айтарлықтай қомақты. Еңбегі еленіп, аудандық білім бөлімінің, қалалық білім басқармасының түрлі дәрежедегі мақтау қағаздары мен құрмет грамоталарымен,  қала, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Кейбірін атай кетсек, «Мәңгілік елдің-мәртебелі ұстазы» педагогтар мен мұғалімдерге арналған республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының төсбелгісі, «Ұстаз ұлы-есім» байқауы-2020 «Ең үздік сабақ жоспары»  конкурсының 1 дәрежелі дипломы, Ұстаздарға арналған www.orleu.kz Республикалық интернет порталының Құрмет грамотасы, Республикалық   «Ұстаз тілегі»  ғылыми – әдістемелік  орталығының   2  дәрежелі  дипломы, қалалық білім беру жүйесіндегі  іс – шараларға  қосқан  үлесі мен  шығармашылық  табыстары  үшін. ҚББЖТҒӘО  алғыс  хаты, мұғалімдердің халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Оқу жетістіктерін сыртқы бағалау халықаралық зерттеу бағдарламасы технологиясын қолдану арқылы оқушылардың ой-өрісін дамыту» тақырыбында жасаған жоғары дәрежелі құнды баяндамасы үшін І дәрежелі дипломы, т.б. 
   Нұрзия Таңатарқызының ұлттық тестілеу орталығының тұрақты әзірлемеші-сарапшысы болып еңбек етуі, «Оқу жоспарының вариативті бөлігін іске асыру – оқушылардың табысты әлеуметтену факторы» атты республика көлеміндегі авторлық бағдарламалар жинағына «Ақпараттық негіздер» тақырыбымен авторлық бағдарламасының  жарық көруі, ҚЗ Тұңғыш Президенті қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры сыйлығының иегері Республикалық «Qaztest.kz» сайтына «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер» материалының жариялануы – өз ісінің нағыз маманы, шығармашыл ұстаз екенін дәлелдей түседі.   Былтырғы жылы ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының Алғыс хатымен марапатталса,  үстіміздегі жылы  ҚР ACTIONRESEARCH мұғалімдер олимпиадасында  І дәрежелі дипломмен және Республикалық WEB-XAKATON “GOWER 2023” олимпиадасына оқушыларды дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
   Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концертте Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбековтың "Алғыс хатымен" марапатталды. 
   Ұстаздығынан бөлек, оқу ісі жөніндегі басшылық қызметінде де талай жауапты істердің басы-қасында болып, жас мамандарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, білгенін үйретуден жалыққан емес.
 Нұрзия Таңатарқызы – хакім Абай айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» иесі. Ыстық қайратымен бар білген білімін оқушы бойына сіңіретін, нұрлы ақылымен өміріне жарық сәуле шашатын, жылы жүрегімен баланың жан-дүниесін баурай білген ұстаз ғана баланы тұлға ретінде қалыптастыра алмақ.  Оның бойындағы сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер тоғыса келе, мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатыр.
    «Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Нұрзия Таңатарқызы – бақытты жан, ардақты ана, асыл жар. Ұжымына  сүйкімді әріптесімізді төл мерекесімен құттықтап, мерейі үстем, мәртебесі биік болуын шын жүректен тілейміз.

Осы беттің QR-коды:
QR-код этой страницы: